ТТС Starlink негізіндегі жолаушылар пойыздарының цифрлық инфрақұрылымын таныстырды

ТТС Starlink негізіндегі жолаушылар пойыздарының цифрлық инфрақұрылымын таныстырды

2026 жылғы 20 қазан, Астана
«Транстелеком» АҚ (ТТС) Қазақстанның жолаушылар пойыздарында Starlink спутниктік жүйесі негізінде бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құру жөніндегі ауқымды жобасын таныстырды. Жоба Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалында өткен жолаушылар тасымалының цифрлық экожүйесіне арналған таныстырылым барысында ұсынылды.
ТТС «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба теміржол көлігін цифрландыруға және жолаушылардың сапар барысындағы цифрлық сервистерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жоба 51 теміржол бағытын, 108 жолаушылар пойызы құрамын және 1 500-ден астам вагонды қамтуды көздейді. Болашақта оның мүмкіндіктерін жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушы пайдалана алады.
Жобаның басты ерекшелігі кешенді технологиялық тәсілде жатыр. ТТС Starlink спутниктік байланысын, пойыз ішіндегі Wi-Fi желілерін, вагондар арасындағы қосылыстарды және жабдықты орталықтандырылған басқару жүйесін бірыңғай цифрлық инфрақұрылымға біріктіреді.
Әртүрлі жолаушылар пойыздарына бейімделген әмбебап вагон аралық байланыс жүйесі әзірленді. Магистральдық желінің өткізу қабілеті кемінде 1 Гбит/с құрайды. Бұл вагондар арасында деректерді сенімді жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым жабдықты орталықтандырылған бақылауды, техникалық ақауларды жедел анықтауды және тәулік бойы техникалық сүйемелдеуді қарастырады.
«Біздің міндетіміз пойыздарды спутниктік интернетке қосумен ғана шектелмейді. Біз әртүрлі қашықтықтағы бағыттарда тиімді жұмыс істейтін сенімді әрі ауқымын кеңейтуге болатын инфрақұрылым құруды көздейміз», - деді «Транстелеком» АҚ бөлшек бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Игорь Погребицкий.
Starlink технологиясын енгізу жолаушыларға сапар барысында, соның ішінде дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамтуы шектеулі учаскелерде де интернетті пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба аясында жолаушыларға 500 МБ, 1 ГБ және 3 ГБ көлеміндегі интернет пакеттері қарастырылған. Олар сапар кезінде цифрлық сервистерді әртүрлі мақсатта пайдалануға арналған.
Қалыптастырылып жатқан инфрақұрылым алдағы уақытта теміржол көлігінде ақпараттық, мультимедиялық және басқа да цифрлық сервистерді дамытуға технологиялық негіз болады.
ТТС үшін бұл жоба спутниктік технологиялар мен инженерлік шешімдерді біріктіре отырып, Қазақстанның теміржол көлігінде заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады.11:37