ТТС Қазақстанда AWS Outposts орналастыру үшін инфрақұрылым ұсынды
«Транстелеком» АҚ Processing.kz компаниясымен ынтымақтастық аясында AWS Outposts жүйесін орналастыру үшін өз дата-орталығының инфрақұрылымын ұсынады. Бұл жоба Amazon Web Services технологияларын төлем сервистерінің жұмысында пайдалануға, сондай-ақ деректерді Қазақстан аумағында сақтауға және өңдеуге мүмкіндік береді.
ТТС клиенттің ІТ-инфрақұрылымын орналастыруға және оның тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Олардың қатарында инженерлік жүйелер, электрмен жабдықтау, байланыс арналары және физикалық қауіпсіздік бар. Осы инфрақұрылымның негізінде Processing.kz жаһандық бұлттық платформаның технологияларын пайдалана отырып, өз сервистерін дамыта алады.
AWS Outposts AWS инфрақұрылымы мен сервистерін жергілікті дата-орталықта орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл бизнеске деректерді Қазақстан аумағында сақтай отырып, AWS құралдарын пайдалануға жол ашады. Мұндай тәсіл деректерді ел ішінде сақтау, қауіпсіздік және төлем операцияларын тұрақты өңдеу талаптары тұрғысынан төлем саласы үшін ерекше маңызды.
AWS Outposts жүйесін ТТС дата-орталығында орналастыру Processing.kz компаниясының гибридті ІТ-инфрақұрылымын дамытуға негіз болады. Бұл шешім онлайн төлемдердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және транзакцияларды өңдеу кезіндегі кідірістерді азайтуға бағытталған.
Processing.kz компаниясымен ынтымақтастық ТТС-дің өз дата-орталықтарында халықаралық деңгейдегі технологиялық шешімдерді орналастыру тәжірибесін кеңейтеді. ТТС корпоративтік клиенттерге заманауи ІТ-жүйелерді енгізуге, бизнестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және Қазақстандағы цифрлық сервистерін дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастырып келеді.