Қазақстанның трассаларында 500 жаңа базалық станция орнатылады

Қазақстанның трассаларында 500 жаңа базалық станция орнатылады

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ (ТТС) елдің автомобиль жолдары бойында телеком-инфрақұрылым салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойды.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын бұл жоба қазіргі уақытта ұялы байланыс жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін трасса учаскелеріндегі «ақ дақтарды» жоюға бағытталған.

Жобаның негізгі параметрлері: 

Жоба бюджет қаражатын тартусыз жүзеге асырылады. Мемлекет өз тарапынан ТТС-ке жиілік ресурстарын, салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық жағдайлардың тұрақтылығына кепілдіктер береді.

Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 500-ден астам жаңа антенна-діңгек құрылыстары мен ұялы байланыс базалық станциялары салынады.

Әділ бәсекелестікті дамыту мақсатында ТТС барлық салынған инфрақұрылымға басқа ұялы байланыс операторлары үшін шерингілік негізде тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл қай оператордың қызметін пайдаланатынына қарамастан, барлық азаматтар үшін байланыс сапасы мен интернеттің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 «Транстелеком» АҚ – Қазақстан Республикасындағы ірі байланыс операторларының бірі, телекоммуникациялық қызметтердің кең спектрін ұсынуға, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық IT-жобаларды іске асыруға маманданған.